«Астана» жаңа маусымды жеңіспен бастады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
«Астана» жаңа маусымды жеңіспен бастады
Фото ©️ vk.com

Бүгін футболдан ел премьер-лигасы басталды. Маусым шымылдығын түрген ойында елордалық «Астана» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын ұтты. Ал жақында ғана ел Суперкубогын жеңіп алған Алматының «Қайраты» түзде «Таразға» есе жіберді.

БӨЛІСУ

Жаңа маусымның бірінші голын Ұлан Қонысбаев соқты

Ел премьер-лигасының жаңа маусымындағы бірінші голды «Атырау» шабуылшысы Ұлан Қонысбаев өз еншісіне жазды. Өткен маусымда «Қайрат» клубында ойнаған футболшы жаңа командасындағы алғашқы голын Талдықорғанның «Жетісу» клубына соқты. Ал ойын 1:1 есебімен аяқталды. «Жетісуді» Бауыржан Тұрысбек жеңілістен құтқарып қалды.

«Қайрат» «Таразға» есе жіберді

Чемпиондық атаққа барынша үміткер клубтардың бірі саналатын Алматының «Қайраты» жаңа маусымды жеңіліспен бастады. Таразда өткен ойында жаңа жаттықтырушы Александр Бородюк командасы алаң иелерін ұта алмады. «Тараз» сапынан Игорь Зенькович пен Тарас Данилюк гол соқса, «Қайрат» сапынан есепті қосымша уақытта Виталий Ли қысқартты.

«Астана» жеңіліп тұрып, жеңді

Өткен маусымда ел чемпионы атанған елордалық «Астана» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубын ұтты. Бірінші таймда «кеншілер» Корнелис Уббинк соққан голдың нәтижесінде алға шыққан болатын. Алайда қарағандылық ұжым жеңіс түгіл, тең ойынды сақтап қала алмады. Екінші тайм басында Джордже Деспотович таразы басын теңестірсе, 65 минутта Танат Нөсербаев «Астананы» алға шығарды. Нәтижесінде Станимир Стойлов шәкірттері алғашқы турда ұпайдан шашау шығармады.  

Айта кетейік, ел премьер-лигасының қалған үш ойыны ертең өтеді. Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен «Ақтөбе» ойнаса, Павлодарда «Ертіс» пен Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы, Қостанайда «Тобыл» мен Оралдың «Ақжайық» клубы ойнайды.