Футболдан Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Астана» мен «БАТЭ» арасындағы бірінші ойын аяқталды. «Астана Аренада» өткен кездесуде елордалық клуб қарсыластарын 2:0 есебімен ұтты.
Қос клуб арасындағы ойынның бірінші таймында есеп ашылмады. Станимир Стойлов жаттықтыратын қазақстандық клубтың ширақ шабуылдары айқын байқалды. Тек шешуші сәтте ғана «Астана» шабуылшыларына мергендік жетіспей жатты.
Екінші таймда да елордалық клубтың белсенділігі арта түсті. Нәтижесінде 70 минутта Джуниор Кабананга «БАТЭ» қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланып, «Астананы» алға шығарды. Ал 80 минутта Азат Нұрғалиев (екінші таймда алаңға шыққан) есепті еселеді. Беларусь клубының қақпашысы Веремконың қателігі – отандасымыздың алыс қашықтықтан гол соғуына мүмкіндік сыйлады. Одан кейінгі аралықта есеп өзгермеді.
«Астана» бірінші ойында екі доп басымдығымен жеңіске жетіп, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға жақындай түсті. Қос клуб арасындағы қарымта ойын бір аптадан кейін Борисов қаласында өтеді.