"Астана" футбол клубы Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі соңғы ойында "Реннге" есе жіберіп, плей-оффқа шыға алмады. Елордалық команда 8 ұпаймен үшінші орында қалып қойды.
Францияның Ренн қаласындағы "Роазон Парк - Стад де ла Рут де Лорьян" стадионында өткен ойында алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы екі гол да екінші таймда соғылды. 66 минутта хорват төрешісі "Астана" қақпасына пенальти белгіледі. Ненад Эрич Буригоның тепкен добын қайтарғанмен, қарымта соққы жасаған Исмаил Сарр командасын алға шығарып кетті. Араға 7 минут сала Исмаил Сарр тағы да елордалық команда ойыншыларын састырып кетті. "Ренн" екі доп басымдығымен алға шықты.
1/16 финалға шығу үшін "Астанаға" тең ойын да жеткілікті еді. Ал алаң иелеріне тек жеңіс қажет болды. "Ренн" жанкүйерлерінің сенімін ақтап, жеңіске бастар жолды тауып кетті.
Айта кетейік, "Астана" бақ сынаған "К" тобында Киевтің "Динамосы" бірінші орын алды. Әйткенмен соңғы ойында украиналық клуб та "Яблонецтен" 0:1 есебімен ұтылды.