Футболдан Елорданың «Астана» клубы Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне өтті. Қазақстандық клуб «Астана-Аренада» Словенияның «Марибор» клубын 3:1 есебімен тізе бүктірді.
«Астана» ойыншылары өз алаңындағы қарымта кездесуді ширақ бастады. Станимир Стойлов шәкірттері ойын тізгінін қолға алып, есепті ашуға ұмтылды. Нәтижесінде 12 минутта қазақстандық клуб 1:0 есебімен алға шықты. Георгий Жуковтың әуелете асырған пасын Ясмин Хандонович сәтті қайтаруға тырысқанмен, Бауыржан Жолшиевтің аяғына салып берді. Елордалық клубтың шабуылшысы өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Допты қақпа торында тулатты. «Астана» клубының Чемпиондар лигасындағы бірінші голын соқты.
39 минутта «Марибор» ойыншылары таразы басын теңестіре білді. Сол қанаттан асырылған пасқа «Астана» қақпашысы Владимир Логиновский допқа бірінші болып жеткенмен, қателікке бой алдырды. Словениялық клубтың ойыншысы Александр Райчевич бұл қателікті кешірмеді. Таразы басын теңестірді.
Бірінші тайм аяқталар тұста «Астана» қайта алға шығып, жанкүйерлерін қуантты. Ясмин Хандановичтің қателігі қазақстандық клубқа екінші голды соғуына мүмкіндік сыйлады. Рохер Каньястың алыстан шірене тепкен добы қонақтар қорғаушыларының біріне тиіп, қақпа төрінен табылды.
Екінші таймды қос клуб та аса сақтықпен бастады. Жылдам шабуылдар ұйымдастыруға ұмтылды. 58 минутта Патрик Твумаси алыс сол қанаттан үшінші голды қарсылас қақпасына тоғытты. Жартылай қорғаушы айып алаңындағы әрістестерінің біріне пас асырмақ ниетте болған еді. Cондай-ақ Рохер Каньястың екінші сары қағаз алып алаңның қуылуы - қазақстандық клубтың ойын жүйесін түбегейлі өзгертті. Соңғы минутқа дейін шыдас берген «Астана» ойыншылары үшінші кезеңге өтті.
Естеріңізде болса, елордалық клуб бірінші ойында «Мариборға» 1:0 есебімен ұтылып қалған болатын. Қарымта ойында есесін қайтара білді. Үшінші іріктеу кезеңінде Финляндияның «ХИК» клубымен кездеседі.
«Астана» (Қазақстан) — «Марибор» (Словения) 3:1
Бірінші ойын: 0:1
Голдар: Жолшиеиев 12 (1:0), Райчевич 39 (1:1), Каньяс 43 (2:1), Твумаси 58 (3:1)
Ескертулер: Каньяс 55 — Мертель 57, Вилер 72, Бохар 75, Шулер 82
Алаңнан қуылды: Каньяс 67
«Астана»: Логиновский, Аничич, Максимович (Кетевоама 46), Жуков, Нусербаев (Дедечко 71), Джолчиев, Твумаси (Бейсебеков 83), Илич, Постников, Шомко, Каньяс
«Марибор»: Ханданович, Шулер, Таварес, Ибраими, Менди, Кабха, Райчевич, Вилер, Бохар (Вршич 77), Мертель (Филипович 60), Стоянович
Бас қазы: Адриен Жаккотте (Швейцария)
22 шілде. Астана. «Астана Арена».