"Астана" Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
"Астана" Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады
Фото ©️ "Астана" ФК

"Астана" футбол клубы жаңа маусымдағы Чемпиондар лигасын жеңіспен бастады. Іріктеу кезеңіндегі бірінші ойында елордалық команда Клуждың ЧФР командасын 1:0 есебімен ұтты.

БӨЛІСУ

Ойын Нұр-Сұлтандағы "Астана Арена" алаңында өтті. "Астана" алғашқы минуттардан бастап-ақ шабуылда ширақ, қорғаныста сақ ойнады. Дегенмен алғашқы қауіпті соққыны қонақтар жасады. Сондай-ақ бірінші тайм аяқталғанға дейін Дорин Ротариу мен Марин Томасовтың гол соғатын мүмкіндіктері болған. Елордалық команда ойыншылары өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана алмады. 

58 минутта "Астананың" бас жаттықтырушысы Роман Григорчук Марин Томасовтың орнына Рангело Янганы шығарды. Араға 10 минут сала ойындағы гол да соғылды. Бұрыштамадан келген допты Евгений Постников ЧФР командасы қақпасында тулатты. Осы голдан кейін есеп өзгерген жоқ. 

Ойын аяқталар тұста Роман Мұртазаевтың орнына жақында ғана Францияның "Тулуза" клубынан жалға алған Фирмин Мубеле алаңға шықты. Бас-аяғы 10 минутқа жуық уақытта бірнеше рет шеберлігін көрсете білді. 

Екі команда арасындағы қарымта ойын 17 шілде күні Клуж (Румыния) қаласында өтеді. Қос ойын қорытындысы бойынша басым болған клуб Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне шығады. Бұл кезеңде Израильдің "Маккаби Тель-Авив" командасымен ойнайды.