Астана әуежайының өкілдері Геннадий Головкиннен кешірім сұрады

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
Нұржігіт Айдархан>
Астана әуежайының өкілдері Геннадий Головкиннен кешірім сұрады
Фото ©️ azattyq.org

Астана әуежайының өкілдері боксшы Геннадий Головкиннен кешірім сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

БӨЛІСУ

Маркетинг және қоғаммен байланыс бөліміндегілердің айтуынша, VIP залындағы жолаушылар мен багаждарға қызмет көрсету бойынша басшылықтың талаптарын орындамаған, жолаушыларға қызмет көрсету қызметінің жұмысшыларына тәртіптік жаза қолданылды.

"Болған оқиғаға байланысты Астананың халықаралық әуежайының әкімшілігі Головкин мырзадан кешірім өтінеді", - деді маркетинг бөліміндегілер.

Еске сала кетейік, 2015 жылдың 24 шілдесі күні Люфтганза әуе компаниясының Франкфурт-Астана рейсімен қазақстандық боксшы Геннадий Головкин елорда әуежайына ұшып келді.

"Бұған дейін әуежайға телефон арқылы өтінім келіп түсті, онда Головкин мырзаға қызмет көрсету, яғни VIP зал арқылы, алдын ала төлемсіз ұшып келу туралы айтылған. VIP залында жолаушылар мен багаждарға қызмет көрсету нұсқаулығы бойынша қызметтің бұл түрі ақылы болып табылады. Төлемді ұшып келгенге дейін кез келген уақытта жүзеге асыру керек. Төлем барлық тұлғалардан талап етіледі, тек Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттердің лауазымды және қорғалатын тұлғаларының тізімінде көрсетілгендер мен Астана әуежайының CIP залында жеңілдетілген тарифті қолданушылардан талап етілмейді", - деп түсіндірді әуежайдағылар.

Маркетинг бөліміндегілердің айтуынша, әуежай тарапынан VIP-залда қызмет көрсетуші агент қонақты күтіп алу мен қызмет көрсетуде қателік жіберген. Ол төлемге қатысты жағдайды анықтамаған. "Өтінім берушінің алдын ала төлем жасамауы мен агенттің қателігінен келеңсіз жағдай туындады", - дейді әуежайдағылар.

Бұған дейін БАҚ-та "Астана" халықаралық әуежайы қызметкерінің жолаушылар мен күтіп алушылар алдында жанжал ұйымдастырып, Головкинді VIP-зал арқылы өткізгісі келмегені туралы ақпарат пайда болды. 

БАҚ мәліметінше, әуежай қызметкері "Головкин ақысын төлемей тұрып, зал арқылы өте алмайды, себебі ол "шенеунік немесе оның отбасының мүшесі емес" деген, бұған ол жердегілердің барлығы теріс көзқарас білдірді, олар Қазақстанның имиджін шетелге танытып жүрген адамға көрсетілген осындай қарым-қатынасқа наразылықтарын білдірді.

Айта кетейік, Геннадий Головкиннің қоржынында 33 жеңіс бар, оның отызы - нокаут. 17 қазанда Головкин IBF тұжырымы бойынша орта салмақта әлем чемпионы, канадалық Давид Лемьеге қарсы рингке шығады.