Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап жатқан «Аstana Arlans» «В» тобында 11 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтады. Нәтижесінде топтағы бірінші орынды мезгілінен бұрын жеңіп алды.
«Аstana Arlans» соңғы кездесуін АҚШ-та өткізіп, қарсыластарын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Шаршы алаңға шыққан Теміртас Жүсіпов, Мейірболат Тойтов, Самат Башенов, Мейірім Нұрсұлтанов және Василий Левит қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде клуб ұпайы 33-ке жетті. Енді екінші орында тұрған Әзірбайжанның «Baku Fires» клубы қуып жете алмайтыны анық.
Қазақстандық клуб боксшыларына топтан ерте шыққан соң, арқаны кеңге салуға болмайды. Себебі, биыл бүкіләлемдік бокс сериясында 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының 17 жолдамасы сарапқа салынады. Осыған дейінгі өткізген кездесулер қорытындысы бойынша қазақстандық клуб сапынан үш боксшының жолдаманы иеленуге зор мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда 56 келіге дейінгі салмақта Мейірболат Тойтов пен 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит рейтингте көш бастап тұр. Сонымен қатар, 75 келіге дейінгі салмақта Мейірім Нұрсұлтанов (ІІІ орын) пен 64 келіге дейінгі салмақтағы Самат Башеновтың (IV орын) да жолдаманы иеленуге зор мүмкіндіктері бар. Қазақстандық боксшылардың топтық кезеңдегі үш жекпе-жекте рейтингтік көрсеткіштерін жоғарылатуға зор мүмкіндіктері бар. Бұдан өзге «Аstana Arlans» клубының легионері Филипп Хргович те 91 келіден жоғары салмақта көш бастап тұр. Ал Хрвое Сеп (81 келі) болса әзірге үшінші орында тұр.
Айта кетейік, «Аstana Arlans» клубы алдағы үш кездесуін де сырт алаңда өткізеді. Марат Жақиев шәкірттері Пуэрто-Рико, Аргентина және Италия елінің боксшыларымен жұдырықтасатын болады.
Cурет: vk.com
Оқи отырыңыз
Жаңа маусымдағы «Astana Arlans» сапына кімдер қосылды?
«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады