Еуропа футбол одағы қауымдастығы (УЕФА) 2020 жылғы Еуропа чемпионатын өткізуге үміткер 39 қаланың тізімін жариялады. Олардың қатарында Астана қаласы да бар.
2012 жылдың желтоқсанында Лозаннада УЕФА президенті Мишель Платини 2020 жылғы Еуропа чемпионатын 1 немесе 2 елде өткізілетінін хабарлаған болатын. Алайда 2013 жылдың қаңтар айында УЕФА бұл байрақты бәсекенің 13 қалада өтетінін мәлімдеді. Додаға үміткер қалалардың тіркелуі кеше ғана мәресіне жетті.
2020 жылғы Еуропа чемпионатын өткізуге үміткер қалалардың тізімі:
Англия (Лондон), Азербайджан (Баку), Армения (Ереван), Белоруссия (Минск), Бельгия (Брюссель), Болгария (София), Македония (Скопье), Венгрия (Будапешт), Германия (Мюнхен), Грекия (Афины), Дания (Копенгаген), Израиль (Иерусалим), Ирландия (Дублин), Испания (Мадрид, Барселона, Бильбао, Валенсия), Италия (Рим, Милан), Қазақстан (Астана), Нидерланды (Амстердам), Польша (Варшава, Хожув), Португалия (Лиссабон, Порту), Ресей (Санкт-Петербург), Румыния (Бухарест), Сербия (Белград), Турция (Стамбул), Украина (Киев, Донецк), Уэльс (Кардифф), Финляндия (Хельсинки), Франция (Лион), Хорватия (Загреб), Чехия (Прага), Швейцария (Базель), Швеция (Сольна) және Шотландия (Глазго).
Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін УЕФА 2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатынан бастап жарысқа 24 команда қатысатынын жариялаған болатын. Ал 2020 жылғы Еуропа чемпионатын өткізуге рұқсат алған 13 қаланың тізімі 2014 жылдың 25 қыркүйегінде белгілі болады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: news.nur.kz