"Астана" футбол клубы 2018 жылғы Қазақстан суперкубогын жеңіп алды. Елордада өткен ойында жергілікті команда Алматының "Қайратын" 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Маусымашар ойында елордалық команданың айдарынан жел есті. Бас жаттықтырушы болып бірер күн бұрын ғана тағайындалған Григорий Бабаян жаңа командасымен алғашқы жүлдесін иеленді.
"Астана" командасы ойындағы үш голды да екінші таймда соқты. 59 минутта Плотников допты қайтарып үлгергенмен, Иван Маевский алдына келген допты қақпаға қайта бағыттап есеп ашты. Араға 3 минут сала Дмитрий Шомконың әуелете асырған пасына Марин Томасов бірінші жетіп, есепті еселеді. 67 минутта жартылай қорғаушы дубль орындап, үздік өнерімен көзге түсті. Одан кейінгі аралықта нәтиже өзгермей, "Астана" 2018 жылғы Суперкубокты иеленді.
Айта кетейік, "Астана" мен "Қайрат" 2015 жылдан бері Суперкубок ойынында кездесіп келеді.
Елордалық команда бүгін бұл жүлдені үшінші рет жеңіп алды. Осыған дейін "Астана" 2011 және 2015 жылы иеленген еді.