Футболдан Алматының «Қайраты» жақын уақытта ресейлік футболшы Андрей Аршавинмен толығуы мүмкін. 34 жастағы ойыншы бүгін клубпен келісімшарт құру үшін Алматыға ат басын бұрған.
Андрей Аршавиннің «Қайрат» сапына қосылуы туралы ақпарат бір ай бұрын белгілі болған. Бірақ нақты емес еді. 1 ақпан күні «Кубаньмен» келісімшартын бұзған футболшыға бірнеше клуб қызығушылық танытқан. Олардың қатарында «Қайрат» та болды. Ал Андрей Аршавиннің де таңдауы қазақстандық клубқа түсіп тұрған секілді. Бүгін қос тарап келісімшарт бойынша мәмлеге келіп жатса, Аршавин Алматыда аялдап қалмақ. Бірақ қанша уақытқа екені белгісіз.
Ресейлік басылымдар таратқан ақпарат бойынша, Андрей Аршавин мен «Қайрат» бір маусымдық келісімшартқа қол қояды. Ал бұл ауысым туралы отандық спорт сарапшылары мен жанкүйерлердің пікірі екіге бөлініп отыр. Бірі – Аршавин «Қайрат» ойынына адуын қосады десе, енді біреулері бұл ауысымның маңызын жоғары бағалап отырған жоқ. Не де болса әліптің артын бағайық.
Аршавин Алматыда аялдап қалар ма екен?