Армия спортшысы Еуропа кубогында екінші орынды иеленді

Аслан Қажиев Корреспондент
Аслан Қажиев>
Армия спортшысы Еуропа кубогында екінші орынды иеленді
Фото ©️ Prosports.kz

Германияның Саарбрюккен қаласында дзюдошылар арасында Еуропа кубогы өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге әлемнің 26 елінен келген 300-ге тарта балуандар қатысуда. Ел мерейін асқақтатып, көк байрақты көкте желбіретемін деп ниеттеніп кеткен ұлттық құрама спортшыларының арасында армия спортшылары да бар.

БӨЛІСУ

Соның бірі, Армия орталық спорт клубының спортшысы ефрейтор Ғұсман Қырғызбаев. Ғұсман айтулы бәсекеде жүлделі екінші орынға иелік етті. Татамиге шығысымен ширақ қимылымен көрерменнің назарын аударған тәжірибелі спортшымыз ақтық сынға дейін сүрінген жоқ.

66 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ғұсман алғашқы кездесулерде жасындай жарқырап, жолынан тұрғанды оңынан да солынан да шалып жықты. Ширек финалда Франция спортшысы Ванси Нзакуды жеңді. Ал, жартылай финалдық сында Кевин Аземудан айласын асырды. Осылайша ақтық сынға жолдама алған Ғұсманды финалдық бәсекеде грузиялық балуан Торника Нагиашвили күтіп тұрды. Соңғы түйенің жүгі ауыр болған екен. Қазақстандық армия спортшысы қарсыласына есе жіберді. Осылайша, Ғұсман Қырғызбаев Еуропа кубогының күміс жүлдегері атанды. Жүлделі үшінші орын жартылай финалдық белдесуде қазақ спортшысынан жеңіліс тапқан Кевин Аземге және Жан Даниэльге бұйырды.