Арли Чонтей әлем чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
Арли Чонтей әлем чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі
Фото ©️ zimbio.com

Қазақстандық ауыр атлет Арли Чонтей Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында алғаш болып ұлттық құрама қоржынына жүлде салды. 55 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған спортшы күміс медаль еншіледі.

БӨЛІСУ

Арли Чонтей жұлқа көтеру жаттығуын 115 килодан бастады. Кейіннен 118 кило тартатын зілтемірді басынан асырды. Үшінші мүмкіндігінде 120 килоны да көтеріп, үздік нәтиже көрсетті.

Солтүстік Корея елінен келген танымал ауыр атлет Ом Юн Чхоль алғашқы мүмкіндігінде-ақ 120 килоны көтерді. Кейінгі екі мүмкіндігінде мүлт кетті.

Серпе көтеруде қазақстандық спортшының үздік көрсеткіші 138 кило болды. Ал солтүстік кореялық спортшы алғашқы мүмкіндігінде 155 килоны, соңғысында 162 килоны басынан асырып, төртінші рет әлем чемпионатында топ жарды.

Қос бағдарлама қорытындысы бойынша Арли басты қарсыласынан 24 кило аз көтерді. Ал қола медальды италиялық Мирко Скарантино еншіледі.

Қазақстандық ауыр атлеттердің әлем чемпионатындағы жарыс кестесі

Айта кетейік, Арли Чонтей 2016 жылғы Олимпиада ойындарында 56 килоға дейінгі салмақта жүлдеге бір адым жетпей, төртінші орын алған болатын. Сондай-ақ әлемдік жарыста ауыр атлетикадан жеңіл салмақта жүлде алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесін алды.