Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап жатқан «Astana Arlans» клубының жартылай финалдағы қарсыласы анықталды. Отандастарымыз финал жолдамасын Ресейдің «Russian boxing team» клубымен сарапқа салады.
«А» тобында өнер көрсеткен ресейлік клуб ширек финалда Италияның «Italia Thunder» клубын ойсырата жеңді. Мәскеуде өткен бірінші күнгі бес жекпе-жекте 5:0 есебімен үстем түссе, екінші күні 4:1 есебімен басымдық танытты. Нәтижесінде 9:1 есебімен жартылай финалға өтті.
Осыған дейін өз тобында бірінші орын алған «Astana Arlans» пен «Cuba Domadores» тікелей жартылай финалға жолдама алған еді. Куба елінің «қабыландары» жартылай финалда «Mexico Guerreros» клубының боксшыларымен жұдырықтасатын болады.
Жартылай финалда клубтар екі күн ішінде 10 боксшысын шаршы алаңға шығарады. «Astana Arlans» жартылай финалдағы кездесуін 23-24 мамыр күндері Астанада өткізетін болды. Егер жартылай финалдағы осы кездесу тең аяқталса, қосымша жекпе-жек 91 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар нәтижесімен шешіледі. Ал бұл салмақта қазақстандық клуб сапында Василий Левит қана бар. Сондықтан да Марат Жақиев командасы қосымша кездесуге жетпей жеңісті иеленуі тиіс.
Айта кетейік, «Astana Arlans» топтық кезеңдегі 14 кездесудің 13-інде басым түсіп, біреуінде ұтылып қалды. 70 жекпе-жектің 56-сында жеңіске жетіп, 14-інде жеңіліске ұшырады. Әрине, нәтиже жоғары екені көзге байқалып-ақ тұр. Бірақ, «А» тобында Кубаның «Cuba Domadores» клубы отандастарымыздан да жоғары нәтижемен топтық кезеңді аяқтады. Олар топтық кезеңдегі 14 кездесудің бәрін де қарсыластарынан басым түсті. Осы 14 кездесудегі 70 жекпе-жектің 63-інде жеңіске жетіп, тек жетеуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татты.
21-22 мамыр: «Cuba Domadores» – «Mexico Guerreros»
23-24 мамыр: «Astana Arlans» – «Russian boxing team»