Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» Өскеменде Өзбекстанның «Uzbek Tigers» клубын 4:1 есебімен ұтып, Ташкентте кеткен есесін қайтарды.
Қос клубтың топтағы бірінші кездесуінде өзбектер дәл осындай есеп айырмасымен жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы қазақстандық боксшылар қарсыластарына мүмкіндік берген жоқ. Шаршы алаңға шыққан Азат Махметов Аброрджон Кадыровты, Асланбек Шымбергенов Махмуд Гайповты, Арман Рысбек Шухрат Абдуллаевты, Қамшыбек Кункабаев Мирзохиджон Абдуллаевты жеңді.
Өкінішке орай, 60 келіге дейінгі салмақта Закир Сафиуллин бір себептермен шаршы алаңға шыққан жоқ. Қазақстандық боксшының еншісіне жеңіліс жазылып, өзбек боксшысы Елнұр Абдраймов жекпе-жексіз жеңіске жетті.
WSB жобасына алғаш рет қатысып отырған «Uzbek Tigers» клубы алғаш рет жеңіліс тапты. Ал қазақстандық клуб бүгінгі жеңістің нәтижесінде доданың ширек финалына шықты.