«Арландар» маусымды сәтті бастады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
«Арландар» маусымды сәтті бастады

Алматыдағы «Almaty Towers» бизнес кешенінде әзірбайжандық «Baku Fires» клубын қабылдаған «Astana Arlans» қарсыластарын 4:1 есебімен жеңіп, маусымды сәтті бастады.

БӨЛІСУ

Жерлестеріміздің сапынан алғаш болып Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) төртінші маусымын Анвар Мұзапаров (Astana Arlans) пен әзірбайжан Хамза Наметов (Baku Fires) ашты. 49 келідегі боксшылар арасында алғашқы раундтарда мықтыны анықтау оңай болмады. Дегенмен 5 раунд қорытындысы бойынша әзірбайжандық боксшының мысы басым болып шықты.

Екінші болып шаршы алаңға көтерілген 56 келідегі Бағдад Әлімбеков қарсыласы Магомед Гурбановты сенімді түрде жеңді. Бес раунд қорытындысы бойынша төрешілер 3:0 (49:46, 48:47, 48:47) есебімен жерлесімізді жеңімпаз таныды.

Үшінші болып рингке көтерілген 64 келідегі Асхат Уалиханов әзірбайжан Осман Алиевті алғашқы минуттардан-ақ қыспаққа алып, жеңіске бастар жолды таба білді. Осылайша Асхат «Арландарды» 2:1 есебімен алға шығарды.

«Astana Arlans» клубының 75 келідегі украиналық легионері Сергей Деревянченко Николай Веселовты 4-ші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, жерлестерімізге жеңісті алдын-ала сыйлады.

Ауыр салмақта шаршы алаңға көтерілген Василий Левит әзірбайжан Абдулқадір Абдуллаевты сенімді түрде жеңіп, «Арландардың» 4:1 есебімен жеңіске жетуіне себепкер болды.

Енді «Astana Arlans» келесі кездесуін 23 қараша күні ресейлік «Russian Boxing» клубымен өткізеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: inform.kz