Бүкіләлемдік бокс сериясында ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» VI маусымды жарқын жеңіспен бастады. Отандық клубтың боксшылары Қарағандыда Әзірбайжанның «Baku Fires» клубын жеңді.
Серік Сәпиев атындағы бокс кешенінде өткен кездесулердің нәтижесі бойынша қазақстандық клуб қарсыластарын 4:1 есебімен жеңді. Алдымен 49 келіде шаршы алаңға шыққан Теміртас Жүсіпов қарсыласы Джавид Дадашовтан басым екенін айқын байқатты.
56 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Мейірболат Тоитов та сәтті өнер көрсетті. Әзірбайжандық клубтың боксшысы Яраш Магомедовты жеңді. Төрешілер 3:0 (49:44, 50:43, 49:44) есебімен қазақстандық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды.
Үшінші болып шаршы алаңға 91 келіге дейінгі салмақтағы Еркін Мұхамеджан мен Гаджи Муртазалиев көтерілді. Әзірбайжандық клубтың боксшысы бірінші нөмірмен жұдырықтасуға ұмтылғанмен, Еркін қарсыласының еркін көсілуіне мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде төрешілер 2:1 (47:48, 49:46, 48:47) есебімен отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды. Нәтижесінде «Astana Arlans» кездесуде мезгілінен бұрын жеңіске жетті.
64 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Асхат Уәлиханов Гайбатулла Гаджалиевтен кезекті рет жеңіліс тапты. Ал 75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Мейірім Нұрсұлтанов Бадри Хардзианиды айқын басымдықпен жеңе білді.
«Astana Arlans» топтағы екінші кездесуін сырт алаңда 6 ақпан күні Пуэрто-Риканың «Puerto Rico Hurricanes» клубына қарсы өткізеді.