Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Astana Arlans» ширек финалдағы кездесуін бастады. Қазақстандық клубтың қарсыласы - «Venezuela Caciques» клубы.
Шымкентте өтіп жатқан ширек финалдағы кездесудің алғашқы күнінде қазақстандық клуб айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бірінші күні өткен С1 дәрежесіндегі боксшылар жекпе-жегінің қорытындысы бойынша «Astana Arlans» қарсыластарын 4:1 есебімен жеңді.
Қос клуб арасындағы жекпе-жек 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінен басталды. Жомарт Ержан Ангелино Кордованы 3:0 есебімен жеңіп, қазақстандық клубты алға шығарды.
Екінші болып шаршы алаңға шыққан Нұрбол Қалжанов та намысты қолдан берген жоқ. Ол 56 келіге дейінгі салмақта Эктор Гарсияны 2:1 есебімен жеңді.
Капитан Самат Башенов та шымкенттік жанкүйерлерді жерге қаратқан жоқ. Ол 64 келіде Луис Мартин Аркон Диасты 2:1 есебімен жеңді.
Төртінші болып жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл клуб сапындағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Боксшы WSB жобасындағы алғашқы жекпе-жегінде тәжірибелі Йохан Мендесті айқын басымдықпен ұтты. Ал соңғы болып жұдырықтасқан Мұхамеджан Еркін қарсыласы Дэвис Хулиоға есе жіберіп алды.
Айта кетейік, ертең С2 дәрежесіндегі боксшылар шаршы алаңға шығады. 52 келіде Азамат Исақұлов Йоел Финолмен, 60 келіде Закир Сафиуллин Луис Кавриоремен, 69 келіде Векзод Халметов Габриель Маестромен, Арман Рысбек Налек Корважбен (81 келі), 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев Едгар Муньоспен жұдырықтасады.