"Арландар" алғашқы жекпе-жек күні кубалық боксшылардан жеңіліп қалды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
"Арландар" алғашқы жекпе-жек күні кубалық боксшылардан жеңіліп қалды
Фото ©️ Astana Arlans

Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) алғашқы күнінде "Astana Arlans" боксшылары "Cuba Domeodores" командасына 3:2 есебімен жол берді.

БӨЛІСУ

Финалдық бәсекенің алғашқы 5 жекпе-жегі Қытайдың Сямын қаласында өтті. Қалған 5 жекпе-жек ертең Цзиньцзянда өтеді. Егер екі күнгі жекпе-жектер 5:5 есебімен аяқталса, онда шешуші жекпе-жек белгіленген. WSB басшыларының ұйғарымымен биыл қосымша жекпе-жек 64 келі салмақ дәрежесі бойынша өткізілетін болып бекітілген. "Astana Arlans" бұл ретте Бекдәулет Ибрагимовке сенім артып отыр.

Кеше өткен жекпе-жектерде Теміртас Жүсіпов жеңіл салмақта Дамиан Арсе Дуартені айқын жеңіп шықты. Төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшы жеңіске жеткенін хабарлады.  Одан кейін шаршы алаңға шыққан Ілияс Сүлейменов (56 кг) Освель Давид Кабальеро Гарсияға есе жіберіп алды.

64 кг-ға дейінгі салмақта Ділмұрат Мижитов осы салмақта қазіргі әлем чемпионы Энди Круздан айласын асыра алмады. Төрешілердің барлығы кубалық боксшы жеңіске жеткені туралы шешім шығарды.

75 кг салмақта жұдырықтасқан Әбілхан Аманқұл есепті теңестірді. Ол Ослейс Иглесиас Эстраданы жеңді. Соңғы болып шаршы алаңға шыққан ауыр салмақтағы боксшылар жекпе-жегінде Нұрбол Алтаев тәжірибелі Эрисланди Савонды сабасына түсіре алмады. Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2017 жылғы әлем чемпионы атағына ие кубалық мықтылығын мойындатты.

28 қыркүйекте жұдырықтасатын боксшылар:

52 келі: Сәкен Бибосынов – Хорхе Гриньян
60 келі: Закир Сафиуллин – Ласаро Альварес
69 келі: Асланбек Шымбергенов – Роньель Иглесиас
81 келі: Бек Нұрмағамбет – Хулио Ла Крус
91+ келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Хосе Лардуэт  

Айта кетейік, "Astana Arlans" - WSB жобасындағы ең табысты команда. Бұл жарыста үш рет жеңімпаз атанып, тағы төрт рет жүлделі орыннан көрінген. Екі рет кубалық боксшылар топ жарса, Франция мен Италия елінің командалары бір-бір реттен жеңіске жеткен.