91 келі салмақ дәрежесіндегі 2013 жылғы Азия чемпионы жерлесіміз Антон Пинчук алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Ол венгриялық боксшы Имре Сцеллоны тізе бүктірді.
Үш раунд қорытындысы бойынша жеңісті төрешілер қазақстандық боксшыға берді. Бұл кездесуде Антонның қарсыласынан бәсі жоғары екендігі көзге ұрып-ақ тұрды. Енді оның 1/8 финалдағы қарсыласы - өзбекстандық Рустам Тулаганов. Ол бүгін молдовалық Владимир Челештен басым түскен болатын.
Естеріңізге сала кететін болсақ, бүгін осыған дейін шаршы алаңға көтерілген Ілияс Сүлейменов (52 келі) пен Мерей Ақшалов (64 келі) қарсыластарына айқын басымдығын танытқан болатын. Енді ертең де үш боксшымыз бақ сынайды. Алдымен 49 келіде шымкенттік Біржан Жақыпов ресейлік Белик Галановпен шықса, 56 келіде Қайрат Ералиев румындық Николае Андреянмен жұдырық түйістіреді. Ал 75 келіде ел намысын қорғайтын Жәнібек Әлімханұлы әзірбайжандық Солтан Мигитиновпен кездеседі. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz