Англия кубогының ақтық сынына шыққан лондондық «Арсенал» араға тоғыз жыл салып алғашқы жеңіс шыңын бағындырды. Финалда «Халл Ситимен» кездескен Арсен Венгер командасы қосымша уақытта жеңіске жетті.
Кездесу басы «канонирлердің» күтпеген нәтижесімен басталды. «Халл Сити» футболшылары бас-аяғы 4 минуттың ішінде 2 гол соғып үлгерді. Үшінші допты да енгізуіне мүмкіндік болды. 17 минутта Санти Касорла айып соққысынан дәлдік танытып, есепті қысқартты. Ал «Арсеналдың» таразы басын теңестіруге шамалары 71 минутта ғана жетті. Бұл жолы Лоран Косельни көзге түсті. Негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмаған ұжымдар қосымша уақытқа жүгінді. Қосымша уақыттың біріншісінде де есеп өзгермеді. 112 минутта лондондық ұжымның жүйелі шабуылы өз нәтижесін берді. Командаға жеңіс сыйлаған голды Аарон Рэмси соқты.
Бұл Арсен Венгер командасының көп күттірген жеңісі. «Канонирлер» соңғы рет 2005 жылы дәл осы кубокты жеңіп алған болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com