Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес (49-1-1, 34 КО) қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен (37-0, 33 КО) өтетін кездесудің алдында Халықаралық бокс федерациясының (IBF) ережесі бойынша салмақ өлшеуге келісті.
"Канелоның" салмақ өлшеуге келісім бергені туралы Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының матчмейкері Роберт Гарсия айтты. Осылайша алдағы жекпе-жекте "Канело" Головкинге тиесілі орта салмақтағы WBA (Super), IBF және IBO белбеулеріне таласатын болады. Бірақ Бүкіләлемдік бокс кеңесімен (WBC) болған жанжалдан кейін Сауль Альварес бұл ұйымның чемпиондық белбеуіне таласудан бас тартты.
Айта кетейік, IBF ережесі бойынша боксшылар жекпе-жек болатын күні таңертең тағы да салмақтарын өлшеу керек. Ережеге сай әр боксшының салмағы бекітілген салмақтан он фунт асып кетпеу керек.
Еске салайық, осыған дейін Геннадий Головкиннің қарсыласы болған америкалық Дэниэл Джейкобс (32-2, 29 КО) салмақ өлшеуден бас тартып, IBF белбеуіне таласқан жоқ еді.
Головкин - "Канело" жекпе-жегі 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile Arena кешенінде өтеді.