Алтынға таласамыз: Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының бірінші күні аяқталды

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Айбар Рысдәулет>
Алтынға таласамыз: Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының бірінші күні аяқталды
Фото ©️ olympic.kz

Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен лицензиялық әлем чемпионатының бірінші жарыс күні аяқталды.

БӨЛІСУ

Бүгін 55, 63, 72 және 82 келі салмақ дәрежесіндегі белдесулер өтіп, ақтық сынға жолдама алған балуандар анықталды. Әлемдік сынның алғашқы жарыс күні қазақстандық «классиктер» үшін жаман өткен жоқ. 55 келідегі Қорлан Жақанша финалда белдесу құқығын иеленсе, Алмат Кебіспаев қола медальға таласады, деп жазады ҰОК баспасөз қызметі.

Қазақ жанкүйерлерінің мерейін асырған балуан – Қорлан Жақанша. Биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған ол әлем чемпионатына үлкен дайындықпен келгенін көрсетті.

55 келі салмақта сынға түскен балуан алжирлік Абделкарим Фергатты 9:5 есебімен, америкалық Макс Ноурэйді 3:2 есебімен жеңіп, жартылай финалда қазіргі әлем чемпионы, әзірбайжандық Эльданиз Азизлиді тағынан тайдырды. Ертең финалдық белдесуде Қорлан грузиялық балуан Нугзари Цурцумиямен алтын медальді сарапқа салады. 

Өкінішке қарай, мамандар мен жанкүйерлер үлкен үміт күткен Алмат Кебіспаев финалдық бәсекеден сырт қалды. Алматты бұл жолы да Шинобу Ота тоқтатты. Жапондық балуан 2016 жылғы Рио Олимпиадасының 1/8 айналымында біздің спортшыдан басым түскен еді. Үш жыл бұрынғы есені қайтаруға Алматтың күші де, жанкүйерлердің көмегі де жетпеді. Ота бұл салмақтағы әлем үздіктерінің бірі екенін тағы дәлелдеп отыр. Ертең Алмат Кебіспаев қола медаль үшін кілемге шығады. 

72 және 82 келі салмақта ел намысын қорғаған Демеу Жадыраев пен Мақсат Ережепов те алысқа барған жоқ.  2017 жылғы әлем чемпионатының финалында күрескен Демеу неміс балуанына келгенде тағы іркілді. Париж кілемінде германиялық Франк Штеблерге есе жіберген Жадыраев өз еліндегі додада Майкл Феликс Видмайерден ұтылды.

Осылайша, 72 келіде жүлде салады деп үміт күткен балуанымыз жарысты ерте аяқтауға мәжбүр. 

Ал 82 келідегі Мақсат Ережеповке жарақаты кедергі болды. Үшінші айналымда әзірбайжандық балуанмен кездесіп, қабырғасын жарақаттап алғанына байланысты жеңіліс тапты. Бұған дейін Ережепов Жапония және Беларусь балуандарынан басым түскен болатын. 

Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының алғашқы жарыс күні осылай аяқталды. Ертең, 15 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан уақытымен 19.00-де 55, 63, 72 және 82 келі салмақтағы чемпиондар мен жүлдегерлер анықталады.  

Сондай-ақ, ертең грек-рим күресінен 67, 87 және 97 келі салмақтағы балуандардың іріктеу айналымы басталады.