Футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінің ІІІ турында "Астана" Нидерландтың АЗ Алкмаар командасымен ойнады. Ден Хагтағы "Карс Джинс" алаңында өткен ойында елордалық команда 6:0 есебімен ойсырай ұтылды.
ІІІ турдағы ең ірі есеп айырмасы да осы ойында тіркелді. Ең көп гол соғылған ойын да осы болды. АЗ аз гол соқпады. Алты гол соғып барып көңілдері тыншыды.
"Астананың" бас жаттықтырушысы Роман Григорчук Ден Хагтағы ойынға негізгі құрамды шығармады. Команда сапында жарақат алған футболшылар да бар. Олар да ойнаған жоқ. Негізгі құрамды ел чемпионатындағы ойындарға сақтағаны анық.
АЗ алғашқы минуттардан-ақ "Астана" қақпасына қарай атой салды. Бірақ қазақстандық клубтың қорғанысы бірінші тайм соңына дейін сыр бермеген. Қақпашы Ненад Эрич жарақат алып, алаңдағы орнын босатты. Александр Мокин алаңға шықты.
Нидерланд командасы алғашқы голын 39 минутта пенальтиден соқты. Копмейнерс тепкен допты "Астана" қақпашысы қайтара алмады. Араға 4 минут сала екінші рет доп елордалық команда қақпасы торында тулады. Бұл жолы Боаду мергендігімен көзге түсті
АЗ екінші таймда бет қаратпады. Тағы төрт гол соқты. Копмейнерс дубль жасап, Сугавара, Стенгс пен Идрисси бір-бір голдан еншілеріне жазды. Осылайша "Астана" өз тарихында ең ірі есеп айырмасымен ұтылып, антирекорд тіркеді.
3 ойында да ұтылған "Астана" топ соңында тұр. Бір гол соғып, тоғыз рет өз қақпаларынан доп алып шыққан.
Топтағы келесі ойынын 7 қараша күні тағы да АЗ Алкмаарға қарсы өткізеді. Бұл жолы екі команда Нұр-Сұлтанда ойнайды.