Алматыға 29 қазан күні қазақстандық боксшы Қанат Исламмен жұдырықтасатын ганалық Патрик Аллотей келді. Ертең қос боксшы «Сұңқар» трамплин кешенінде жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатына қатысады.
Қазақстандық боксшы ганалыққа қарсы жекпе-жекте орта салмақта «WBA Fedelatin» чемпиондық белбеуін қорғайтын болады. Сондай-ақ, «WBO» (Әлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион және «IBO» (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атағына таласады.
Бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағына ие Қанат Ислам осы уақытқа дейін 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 18-ін нокаутпен ұтқан.
Патрик Аллотей де тәжірибелі боксшы. Осыған дейін кәсіпқой шаршы алаңда 36 жекпе-жек өткізген. Оның 34-де қарсыластарынан басым түскен. Оның 24-де қарсыластарын нокаутпен ұтса, 2 жекпе-жегінде ғана қарсыластарына есе жіберген. Cоңғы рет 24 маусым күні шаршы алаңға шығып, отандасы Сани Идананы жеңген. Жекпе-жектерінің барлығын дерлік Ганада өткізген. Үш кездесуі ғана өзге елде өткен. Кәсіпқой бокста «Улы жебе» деген лақап атқа ие.
Алматыдағы бокс кешінде Қанат Исламнан өзге Жанқош Тұраров, Руслан Мырсатаев, Али Ахметов, Айдар Шәрібаев пен Айдос Ербосынұлы шаршы алаңға шығады. Сондай-ақ, Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді.
29 қазандағы жекпе-жектер Астана уақытымен кешкі сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсетеді.