Алматыда 28-ші қысқы Универсиада ойындарының алауы жағылды. Салтанатты шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бастау алды.
Алау эстафетасына Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, танымал ардагер спортшылар Жақсылық Үшкемпіров пен Ермахан Ибрайымов бастаған алау ұстаушылар қатысты. Жиналған қауым көтеріңкі көңіл-күйде болып, өз қолдауларын білдірді. Ал өз кезегінде Алматы қаласы әкімі Универсиаданың басталуымен барша қазақстандықтарды құттықтады.
- Ардақты алматылықтар, қадірлі жастар, спортсүйер қауым! Сіздермен осы жұлдызды сәтте бірге болғаныма өте қуаныштымын. Қазақтың ежелгі түсінігіндегі оттың иесі, от киесі, от – ана, барша ізгіліктер мен жақсылықтардың бастауы. Халқымыз үшін ең қастерлі Отан, отбасы деген сөздердің түбірі осы от сөзінен шыққан. Универсиада ойындары тек студент жастардың ғана сайысы емес, бұл әлем халықтарының достық пейілі мен көтеріңкі көңіл-күйінің жарқын көрінісі. Дүние жүзіндегі ауқымды дода Елбасының қолдауымен қасиетті қазақ жерінде тұңғыш рет өтіп отыр. Бұл әлем жұртшылығының Қазақстан Республикасы мен оның жасампаз халқына, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген ерекше сенімі және лайықты құрметі. Универсиада алауының тұтату рәсімі еліміздің барлық өңірлерінде өтіп, оған 100-ден астам ЖОО-ның студенттері қатысты. Астанадағы алауды Елбасының өзі тұтатты. Міне, Универсиада алауы Алматы төріне де келіп жетті. Баршаңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Универсиада, қанатыңды кең серпі! - деді.
Универсиада алауын ҚазҰУ студенті Айсұлу Ерниязова Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекке табыстады. Қала әкімі алау эстефетасын Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге жеткізді. Қазір эстафета қала ішінде жалғасуда. Олардың қатарында «Effective Media Liaison» (tengrinews.kz, vesti.kz және massaget.kz) директоры Сұңқар Қарабалин мырза да бар.
Универсиаданың ресми түрде ашылу салтанаты Астана уақытымен сағат 19:00-де басталады. Қазақстанның атынан спорттың 12 түрі бойынша 171 спортшы қатысады.