2-13 мамыр аралығында Алматы қаласында әйелдер мен ерлер арасында шахматтан Қазақстан Республикасы чемпионатының шешуші кезеңіндегі ойындар өтеді. Шешуші кезеңге алдыңғы кезеңдерінде жеңіске жеткен 22 спортшы қатысады. Бұл туралы ҚШФ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Чемпионаттың шешуші кезеңі дөңгелек жүйе бойынша әйелдер арасында тоғыз, ерлер арасында он бір турдан халықаралық рейтингті есепке ала отырып өткізіледі. Бірінші және екінші орынды иеленген жеңімпаздар осы күзде Баку қаласында (Әзербайжан) өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына ұлттық құрама қатарында қатысу құқығына ие болады.
Республикалық жарысқа Қостанай, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларының шахматшылары қатыспақшы. Ерлер арасындағы жеңіске үміткерлердің қатарында Ринат Джумабаев, Муртас Кажгалеев және Рустам Хуснутдинов болса, әйелдер арасында бұл - Жансая Әбдімәлік, Мадина Дәулетбаева және Гүлмира Даулетова.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 2 млн. 700 мың теңге.
Еліміздің осы чемпионатының басты ерекшелігі - барлық ойындар интернетте тікелей көрсетілімде беріледі. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есенов осыған қатысты келесідей түсініктеме берді:
— Қазақстанда осыған дейін елімізде өткен тек қана халықаралық турнирлердің партиялары тікелей көрсетілімде берілген еді. Бірақ жақында біз қажетті жабдықтарды, яғни электрондық тақталар мен Swiss Manager деп аталатын жеребеге арналған бағдарламаны сатып алдық. Бұл бағдарлама әлемдегі жетекші шахмат турнирлерінде пайдаланылады. Қазақстан Чемпионатының ақтық ойындарының тікелей таратылымын тексеру жоспарымызда. Одан кейін Еуразия Кубогының ойындарын маусым айында дәл осы жолмен онлайн түрде көрсететін боламыз. Мен еліміздің барлық өңірінен жиналған қатысушыларға сәттілік, қызықты ойындар және жеңіс тілеймін.
Жарыстар Қазақстан Шахмат Федерациясының ұйымдастыруымен және Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының қолдауымен өткізіледі. Чемпионаттың ақтық ойынының марапаттау салтанатында Қазақстан Шахмат Федерациясының Президентінің қатысуы күтілуде. Федерация президенті наурыз айында Абу-Даби қаласында өткен Азия Ұлттарының Кубогы командалық чемпионатында жеңіске жетіп қола медальді иеленген Ұлттық құраманың 12 шахматшысы мен жаттықтырушыларын ақшалай сыйлықтармен марапаттайтын болады.
Айта кетейік, Қазақстан шахмат федерациясы 1992 жылдан бері жұмыс жасап келеді.