Алматыда аралас жекпе-жектен (ММА - Mixed Martial Arts) алғаш рет бірлесіп ұйымдастырылған ел чемпионатының финалдық кезеңі басталды. Бірлескен чемпионат Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы және Қазақстанның ММА бірлескен федерациялары қауымдастығы қолдауымен ұйымдастырылуда.
Жарыс 13 ақпан күні басталған. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 230-ға жуық спортшы қатысуда. Бүгін әр салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталады. Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша Азия чемпионатына қатысатын спортшылар анықталады.
- Сәлем, Алматы. Аралас жекпе-жекті біріктіріп, сәтті қадам жасадыңдар, құттықтаймын. Бұл өте маңызды еді. Бүгін барлығы үшін мереке десек те болады. Алдағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы мықтылығын дәлелдейді деп сенемін. Бүгін ең мықтылар жеңсін, - деді ашылу салтанатында ресейлік маман Игорь Петрухин.
Айта кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында "Қазақстанның ММА бірлескен федерацияларының қауымдастығы" ЗТБ атты жаңа құрылымы қалыптасты. Оған Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион мен грэплинг ұлттық федерациясы және NOMAD MMA федерациясы кірді. Ұйымға Қазақстанның белгілі спорт насихаттаушысы Ғалыжман Есенов жетекшілік ететін болды.
ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек (ағыл. Mixed Martial Arts) - жекпе-жек күрестері үшін тиімді техника элементтері, мектептері мен бағыттарын біріктіретін спорттың бірегей түрі. Ол Қазақстан Республикасында 2013 жылғы 26 маусымда спорттың ресми түрі ретінде танылды.