Алматыда спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері бойынша 2017 жылғы Конфедерация кубогы жарысы аяқталды.
Конфедерация кубогы кіл мықты спортшылардан құралған командалық жүйе бойынша өтеді. Биыл 6 спорт түрінен 100-ге тарта спортшы қатысты. Сондай-ақ қазақ күресі алғаш рет осы жарыс аясында өткізілді.
Қазақ күресінен боз кілемге шыққан балуандар облыс бойынша емес, спорттық клубтар ретінде бақтарын сынады. Финалда Алматы қаласының "Қазақ күресі" спорт клубы Қарағанды облысынан келген команданы 5:3 есебімен жеңіп, Конфедерация кубогының тұңғыш жеңімпаздары атанды.
Бокс жекпе-жектері аса тартысты өтті. Әр облыстың намысын қорғаған күрзі жұдырықты кіл мықтылар шаршы алаңда бар шеберліктерін танытты. Финалда Оңтүстік Қазақстан командасы мен Маңғыстау облысының боксшылары кездесті. Жанкүйерлер айызын қандырған жекпе-жектер қорытындысы бойынша 7:3 есебімен ОҚО құрамасы жеңімпаз атанды.
Күрес түрлері бойынша Алматы облысының балуандары үздік шықты. Грек-рим күресі бойынша Алматы облысының балуандары Қарағанды облысының құрама командасын 5:3 есебімен жеңді. Ал еркін күрестен Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан балуандары финалда жолығып, тең түсті. Тек қосымша нәтижелер (44:42) бойынша Алматы облысы балуандары басымдық танытып кетті.
Таеквондо спорты бойынша Алматы облысы мен Алматы қаласы командалары арасындағы кездесу қызықты өтті. Өткен жылы финалда бақ сынаған Алматы қаласының құрамасы 72:42 есебімен Алматы облысының спортшыларын ұтып, Конфедерация кубогына ие болды.
Дзюдодан Қарағандыдан келген татами шеберлері үздік шықты. Олар финалда Ақтөбе облысының балуандарын 4:1 есебімен айқын ұтты.
Айта кетейік, жүлде қоры 125 млн теңгені құрайтын дүбірлі дода ҚР ҰОК Президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың бастамасымен биыл екінші рет ұйымдастырылды.