Әрбір ірі спорттық және спорттық емес оқиға өткеннен кейін қызықтың бәрі артта қалғандай көңілсіз кезең келеді. Cол секілді "Алматы туры 2017" веложарысы да артта қалып, жеңімпаздары анықталды. Ал қандай ерекшеліктерімен есте қалғаны жайлы Vesti.kz тілшісі сараптайды.
Алғаш рет екі күнге жалғасты!
"Алматы туры" форматындағы дәл осы өзгерістің қаншалықты айтулы екенін түсінбегендер бар, ал негізі осы өзгеріске бар назарды аудару керек. Біздің тур көпкүндік болды, енді тағы да кеңейе түсуге мүмкіндіктер ашылды, бұл дегеніміз кәсіпқой командалардың да, әлем бойынша қатысушылардың да көз алдында жарыстың беделі артты деген сөз. Қазірдің өзінде келесі жылы мәре "Шымбұлақта" болса деген тілектер айтылып жатыр, тіпті жарыс күндері де арта түседі деген үміт бар.
Көлік иелерімен келісім
"Алматы туры" велододасының осыған дейінгі төрт кезеңінде ұйымдастырушылар көлік кептелісіне байланысты көп сын естіді. Ал бұл маусымда тұңғыш рет жолдарды «динамикалық» жабу әдісі қолданылды – көшедегі қозғалыс жарыс қатысушылары жүріп өтетін уақытта ғана жабылды. Иә, бұл біздің қолымыздан келді, алғаш рет болғандықтан қателіктер де кездесті, алайда Алматыда көлік иелері бұл жолы ыңғайсыздықты өткен жылдағы жарыстарға қарағанда қатты сезген жоқ. Болашақта ұйымдастырушылар қала тұрғындары тіпті де ыңғайсыздықтарды сезбеуі үшін бұл жүйені мінсіздендіруге уәде беріп отыр.
Медеу жарыс көркін ажарландыра түсті
Таулық мәре өз-өзін толықтай ақтады! Бірінші кезеңде ауа райы «Алматы туры» қатысушыларына ыңғайсыздық келтірсе (тіпті аспан бұлтты болғандықтан трансляция да үзіліп қалған сәттер болды), ал екінші кезеңде ауа райы тамаша жағдай жасады. Тікұшақтар мен мотоциклдерден түсірілген кадрлар әлемде мақтау естіп жатыр. Ал Медеуге көтерілер жол бөлігі кереметтей көріністерімен ғана емес, пелотондағы әсерлі жарыстарымен де есте қалды – мәреге барлығы бірдей жете алмады.
"Астана" триумфы
"Алматы туры" - Алексей Луценконың территориясы. Бұл сөзді Eurosport комментаторы Сергей Курдюков айтты. Бұл жолы болжамдар ішінара дәл келді. Алексей бірінші кезеңде де, төртінші мәрте бас классификацияда да жеңіске жетті, алайда Якоб Фульсанг командаласынан екінші кезеңде оқ бойы озып шығып, оған «абсолют триумфын» бере қоймады. Қалай дегенімен де, қазақстандық спортшылар басымдығын танытты, тек жыл сайын топ жару барған сайын қиындап жатыр.
Жұлдыздармен бақ сынау
Биыл қалаған велоспортсүйер жанкүйер әлемдік масштабтағы жарысқа куә болып қана қоймай, оған қатысу мүмкіндігіне де ие болды. Бірінші кезеңге екі күн қалғанда «Астана» жұлдыздарымен әуесқой жарыстар өткізілді, ал сайыс жеңімпазы Ахметбек Шыңғыс турда арнайы көлікке отырып, әсерлі жарысты өз көзімен көріп шықты.
Алматы – велосипед мегаполисі
Кім не десе де, Алматы өз ерекшелігі мен мәдениеті бар нағыз ірі велосипед мегаполисіне айналып келеді. Барынша веложолақтар көбейіп, қала тұрғындары ауасы тар қоғамдық көліктің орнына экологиялық көлік – велосипедке өтіп жатыр. Осы себепті де жарысқа деген қызығушылық артып келеді – интернеттен немесе теледидардан онлайн көргісі келетіндер де, мыңдаған жанкүйерге қосылып, спортшыларымызға қолдау білдіріп, күздің ызғарына қарамастан, белгілі командалардың додасына куә болатындар да көбейіп келеді.
Біз енді «Алматы туры-2018» додасын күтеміз
"Алматы туры" бірінші мерейтойын атап өтті. 5 саны өте аз, бірақ болашағынан үміт күттіретін, сенім сыйлайтын сан. Тур кеңейе түседі, тағы да көптеген жұлдыздарды тартып, Азиядағы негізгі веложарыс атағын қорғай береді. «Алматы туры» тарихта өз таңбасын қалдырады, сондықтан оның көрермені болып, тарихтың бір бөлігі болыңыздар!