«Алматы туры - 2016» веложарысы басталды

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
Нұржігіт Айдархан>
«Алматы туры - 2016» веложарысы басталды
Фото ©️ Vesti.kz, massaget.kz

Оңтүстік астанада «Алматы туры - 2016» веложарысы басталды. Тас жолдағы бір күндік веложарысқа 14 команда қатысып жатыр. Оның ішінде қазақстандық "Астана" командасы да бар.

БӨЛІСУ

Велошабандоздардың негізгі жолы - әл-Фараби даңғылының бойы. Дәстүр бойынша жарыс «Нұрлытау» бизнес орталығынан басталады, одан кейін Мұстафин көшесімен өтіп, Шығыс айналма жолынан кері бұрылып, Талғар бағытына түседі. Бір айналым қашықтығы 31 шақырым болса, жарыс жолының жалпы қашықтығы 186 шақырымды құрайды.

«Алматы Туры» велобәйгесіне «Астана» кәсіби велоқұрамасымен қатар, екі құрлықтық құрама Delko Marseille Provence KTM және «Газпром – РусВело», құрлықтық Unieuro Wilier, Kolss BDC Team, Synergy Baku Cycling Project, Norda-MG.Kvis, Pishgaman-Giant Team, Ningxia Sports Lottery – Livall Cycling Team, Rietumu-Delfin, Terengganu Cycling Team, Vino 4EVER SK және де Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық құрамалары қатысады.

Веложарыстың басты жұлдыздары - «Алматы турының» екі мәрте жеңімпазы Алексей Луценко, сондай-ақ "Астана" құрамындағы әлемнің ең мықты велошабандоздарының бірі, италиялық Винченцо Нибали. Және де "Астана" құрамасының мүшелері, жақында өткен Рио олимпиадасына қатысқан Андрей Зейц, Бақтияр Қожатаев, Артем Захаровты да атап өткен жөн. Бұдан бөлек қазақстандық команда құрамында италиялық Валерио Аньоли және отандасымыз Мақсат Аязбаев пен Арман Қамышев та тас жолда таласқа түсетін болады.

"Мен өзім дәл осы жарысқа дайындалдым. Командаластарымыздың бірі жоғарғы нәтижие көрсетіп, биік тұғырдан көрінуі мүмкін. Велоспорт - командалық спорт түрі. Егер біздің арамыздан біреу жеңімпаз атанса, өте жақсы болар еді", - дейді «Алматы турының» екі мәрте жеңімпазы Алексей Луценко.

Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Дархан Қалетаевтың айтуынша, "Алматы Туры" тек Алматы қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның төлқұжатына айналып үлгерді. "Ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін әкімшілікке алғыс білдіремін. Менің ойымша, "Алматы Туры" болашақта әлемнің белді телеарналарынан көрсетілетін болады. Келесі жылы воложарыс бесінші мәрте жалауын көтереді, енді біз мұны көпкүндік ретінде өткізе аламыз деп ойлаймын", - дейді ол. 

"Алматы Туры-2016" велобәйгесін "Kazsport" телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Ал жарыстың соңғы сағатын "Евроспорт" арнасынан тамашалай аласыздар. Жарысқа ресейлік белгілі велоспорт сарапшысы Сергей Курдюков сараптама жасап отырады.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты "Нұрлы Тау" бизнес орталығының жанында сағат 14:00-де өтеді деп жоспарлануда. Марапаттау сәтінен кейін жанкүйерлер сүйікті велошабандоздарымен суретке түсіп, қолтаңба ала алады.

Айта кететін жайт, "Алматы Туры" кезінде оңтүстік астанамыздағы көлік қозғалысына шектеулер қойылады. 2 қазан күнгі жарыс кезінде Құлжа айналымы мен Шығыс айналым көшелері толығымен жабылады. Әл-Фараби даңғылымен Мұстафин көшесіне дейін, Фурманов көшесінің бұрылысы, оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс кіре берістері де жабылады. 

Еске сала кетсек, «Алматы туры» биыл төртінші рет өткізілгелі отыр. Алғашқы рет 2013 жылы басталған. 2014 жылы UCI Халықаралық велосипедшілер халықаралық одағы веложарысқа ең жоғарғы дивизионның кәсіпқой командалары ойнайтын 1.1 категориясын берді.