Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Жапонияның Сайтама қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысуда. Отандасымыз қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша үшінші орын алды.
Ел үміт артқан Элизабет қысқа бағдарламадағы жаттығуын сәтті орындап шықты. 75,96 ұпайға ие болды.
Қысқа бағдарламадағы нәтижелері бойынша ресейлік спортшы, Олимпиада чемпионы Алина Загитова көш бастады. Ол төрешілер бағасы бойынша 82,08 ұпай еншіледі. Ал екінші орындағы жапон қызы Каори Сакамото Элизабеттен 0,9 ұпайға озып тұр.
Ресейлік танымал мәнерлеп сырғанаушылардың бірі Евгения Медведева 74,23 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады. Ал жарыс фавориттерінің бірі саналған жапон қызы Рика Кихира үштік аксельдің орнына біреуін ғана жасап, 70,90 ұпайға ие болды.
Еркін бағдарлама жаттығулары бойынша жарыстар 22 наурыз күні өтеді.