2014 жылы ауыр атлетикадан Астанада өтетін болып шешілген Әлем чемпионаты Алматы қаласына ауыстырылды. Бұл туралы халықаралық ауыр атлетика федерациясының сайты (iwf.net) хабарлап отыр.
2011 жылы Парижде өткен федерация конгресінде әлемдік сынды өткізу құқығын Астана жеңіп алған болатын. Дегенмен Қазақстан мен халықаралық ауыр атлетика федерациясы арасындағы екі жақты келісім бойынша өту орны ауыстырылды.
Естеріңізге сала кетсек, келер жылдың 8-16 қараша аралығында өтетін аламанда 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Ал осыған дейін допинг дауына байланысты Қазақстан айыппұлын белгілі бір мерзімде төлей алмаса, Әлем чемпионатын өткізу құқығынан айырылуы мүмкін деген де ақпараттар тараған еді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.kz