Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин «Тур де Ски» көпкүндігінің бесінші кезеңінде мәре сызығын бірінші болып кесті.
15 шақырымды классикалық стильде жүріп өтуде Алексей Полторанин алдына жан салмады. Бұл қашықтықты отандасымыз 35 минут 35,9 секундта бағындырды. Екінші болып келген Дарио Колонья отандасымыздан 0,01 секундқа ғана қалып қойды. Үштікті италиялық Франческо де Фабиани (+0,6) түйіндеді.
Алексей Полторанин спорттық мансабында 22 рет жеңімпаздар тұғырынан көрінген. Оның 9-да алтын медаль жеңіп алған.
Айта кетейік, Алексей Полторанин «Тур де Скидің» кеше өткен төртінші кезеңінде мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлде жеңіп алған болатын.