«Алматы туры-2015» велобәйгесінде екінші жыл қатарынан жеңімпаз атанған Алексей Луценко жеңіске жетуіне командаласы Фавио Ару көп көмектескенін айтты. Бұл туралы жарыс соңынан тілшілерге берген сұхбатында мәлімдеді.
- Жарыс оңай болған жоқ. Озып шығу, қайта теңесу, алға ұмтылу – барлығы болды. Жүрілетін қашықтықтың орта тұсына келгенде Фавио Ару менің алға озуыма жағдай жасады. Ал 100 шақырымнан кейін біз алда болдық. 20-25 шақырым қалғанда жеке-дара шықтым. Қарсыластарымнан кем дегенде 20 секунд ерте келе жаттым. Мәрені өзгелерден 1,5 минут ерте кестім.
- Команда басшылығы жарыс соңына қарай қандай жүйе ұстанды?
- Соңғы сәтке дейін кімнің чемпион болатыны белгісіз болды. Өйткені, чемпиондық атаққа «Астана» клубының – 3, ұлттық құраманың 2 велошабандозы үміткер болды. Соңғы айналымда барымды салып, озып шықтым, - деді.
Айта кетейік, үшінші рет ұйымдастырылған «Алматы туры» халықаралық турниріне 17 елден 150-ге жуық велоспортшы қатысты. Алдағы жылдары бұл доданың ауқымы тағы да кеңейе түспек.