Алексей Луценко "Алматы туры" веложарысының үш дүркін жеңімпазы атанды

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
Нұржігіт Айдархан>
Алексей Луценко "Алматы туры" веложарысының үш дүркін жеңімпазы атанды
Фото ©️ Vesti.kz, massaget.kz

Қазақстандық "Астана" велокомандасының мүшесі Алексей Луценко "Алматы туры" веложарысының үш дүркін жеңімпазы атанды. Бұл туралы Vesti.kz сайты жазды.

БӨЛІСУ

Луценко "Vino 4EVER SKO" командасындағы қазақстандық тағы бір велошабандоз Жандос Байжігітпен бірге мәреге бірнеше айналым қалғанда қара үзіп шықты. Соңғы айналым алдында жалпы топ пен олардың арасын үш жарым минуттай уақыт бөліп тұрды. Ақырғы айналымда Луценко жеке дара көш бастап, мәреге дейін жалғыз келді.  

Ол 23 минут, 55 секундта мәре сызығын кесті. Екінші болып 3 минут 44 секундта "Unieuro Wilier" командасының өкілі, италиялық Мауро Финето келді. Ал үздік үштікті ресейлік велошабандоз Роман Майкин ("Газпром - РусВело") түйіндеді. 

"Бүгін ауа-райы аса қуанта қоймады, бірақ біз барынша тырыстық. Екі күн бұрын жеңіске жетемін деп уәде берген едім. Міне, "Алматы турын" үшінші рет жеңіп алдым. Өте қуаныштымын. Біздің команда жақсы жұмыс жасады. Енді біз алдағы жарыстарға дайындық жүргіземіз. Бұл жеңіс мені алға жігерлендіріп, сәтсіздіктерімді ұмыттырады деп ойлаймын. Басқа жеңістер үшін дайындалатын боламын", - дейді Алексей Луценко жарыстан кейін.

Айта кететін жайт, "Алматы туры - 2016" веложарысы өткен жылдағыдай әл-Фараби даңғылының бойында өтті. Дәстүр бойынша жарыс «Нұрлытау» бизнес орталығынан басталды, одан кейін Мұстафин көшесімен өтіп, Шығыс айналма жолынан кері бұрылып, Талғар бағытына түсті. Бір айналым қашықтығы 31 шақырым болса, жарыс жолының жалпы қашықтығы 186 шақырымды құрады.

Еске салайық, "Алматы туры" веложарысының тарихында алғашқы жеңімпаз болып "Астана" командасының мүшесі Максим Иглинский танылды. Одан кейін Алексей Луценко екі жыл қатарынан жеңімпаз атанды.