Манчестер қаласында сэр Алекс Фергюсонның құрметіне көше аты берілді. Бұл туралы ВВС хабарлап отыр.
Ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасын 26 жыл бойы жаттықтырған шотландиялық маман ағымдағы маусымның соңында команда тізгінін өз еркімен босатқан болатын. Ол «МЮ» клубының үлкен жетістіктерге жетуімен қатар, Манчестер қаласының да әлемге танылуына өз үлесін қосқан тұлға. Осындай еңбегін ескерген қала басшылығы Алекс Фергюсонға көше есімін беруді жөн санаған. «Олд Траффорд» стадионының маңына орналасқан Уотерс Рич көшесі енді Алекс Фергюсон деп аталатын болады.
Естеріңізге сала кететін болсақ, 26 жыл ғұмырын «Манчестер Юнайтед» командасын жаттықтыруға арнаған сэр Алекс Фергюсонның құрметіне осыған дейін ескерткіш орнатылған болатын. Ал қазіргі таңда «Олд Траффорд» стадионының бір бөлік мінбесі «Манчестер Юнайтедке» 38 бірдей жүлдені жеңуіне септігін тигізген маманның есімімен аталады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: ntv.ru