2014/2015 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасы ойындарының үшінші іріктеу кезеңінде қазақстандық «Ақтөбені» жарыс жолынан шығарған румындық «Стяуа» командасы бар атауы, танымбелгісі және негізгі жейдесін киіп шығу құқығынан айырылды. Мұндай қатал шешімді аталған елдің Жоғарғы соты қабылдаған. Өйткені, «Стяуа» 2004 жылдан бері клуб брендін заңсыз пайдаланып келген.
«Стяуа» - Румынияның ең танымал клубтарының бірі. 1947 жылы әскерилер арасында құрылған команда ел чемпионы атағын 26 рет жеңіп алған. Ал сол кезден бастап елдің қорғаныс министрлігі ресми тауар белгісін өздеріне меншіктеп алған. 2011 жылы министрлік Румынияның Жоғарғы сотына шағым түсіріп, 2004 жылдан бері «Стяуа» клуб брендін заңсыз пайдаланып келе жатқаны туралы мәлімдеген. Нәтижесінде, команда атауы мен танымбелгісінен, және негізгі жейдесін киіп шығу құқығынан айырылды. Қорғаныс министрлігі клуб брендін тек Еуропа лигасы ойындарында ғана пайдалануға рұқсат беріп отыр. Румындық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2015 жылы клуб атауын, танымбелгісін толықтай өзгертуі мүмкін. Немесе, тауар брендін 6 миллион еуроға сатып алулары қажет екен. Тіпті, кей басылымдар команда өмір сүруін тоқтатуы мүмкін деп те жазуда.
Айта кетейік, кеше «Стяуа» командасы ел біріншілігі ойындары аясында «КСМС» клубымен кездесу өткізді. Футболшылар танымбелгісіз сары жейде киіп шықса, стадиондағы таблода тек «алаң иелері» деген ғана жазу болған. Ал стадиондағы жүргізуші команданы «Румыния чемпиондары» деп қана таныстырған.
Сурет:news.sport-express.ru