Аралас жекпе-жектен (Mixed Martial Arts) Ақтөбе қаласында жасөспірімдер мен 16-17 жастағы қыздар арасында ел чемпионаты өтті, - деп хабарлайды Vesti.kz Қазақстанның ММА бірлескен федерациялары қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген жас спортшылар қатысты. Барлығы 85 жас өрен бақ сынады. Жасөспірімдер арасындағы бәсеке 9 салмақ дәрежесі бойынша, қыздар арасындағы жарыс 7 салмақ дәрежесі бойынша өтті.
Ел чемпионы атанғандар:
Динара Аяпова (52,2 кг, Ақтөбе облысы),
Нурбол Базарбаев (52,2 кг, Маңғыстау),
Адель Махаметова (56,7 кг, ШҚО),
Ерасыл Телеубаев (56,7 кг, ШҚО),
Сисенова Карина (61,2 кг, Ақмола облысы),
Данияр Кульбай (61.2 кг, Нұр-Сұлтан),
Меруерт Сериккалиева (65,8 кг, Атырау облысы),
Данияр Ажимкулов (65,8 кг, Атырау облысы),
Темирлан Халидолла (70,3 кг, ШҚО),
Амирхан Ментаев (77,1 кг, Нұр-Сұлтан),
Данил Губин (83,9 кг, Ақтөбе облысы),
Иса Каримов (93 кг, Ақтөбе облысы),
Диас Тілеміс (120,2 кг, Ақтөбе облысы).
- Жарысты өткізудегі басты мақсат - Қазақстан жасөспірімдер құрамасына үздік спортшыларды шақыру. Дәл осы балалар бірер жылдан кейін халықаралық жарыстарда еліміздің намысын қорғайды. Соның бірі - Италияда өтетін әлем чемпионаты, - деді Қазақстанның ММА аралас жекпе-жек бірлескен федерациясының бас директоры Валихан Тен.
Ел чемпионаты кезінде аралас жекпе-жектен 14 жасқа дейінгі балалар арасында өтетін жарыстардың бір жолға қойылған ережесі де жарияланды. Бұған арнайы ұйымдастырылған баспасөз жиынына Қазақстанның ММА аралас жекпе-жек бірлескен федерациясының бас директоры Валихан Тен, республикалық Nomad MMA федерациясының президенті Гаджи Гаджиев, ММА бірлескен федерациясының вице-президенті Сергей Ан қатысты. Олар алда ұйымдастырылатын 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы бәсекелер жоспар әрі арнайы ережелер бойынша өтетінін хабарлады.
14 жасқа толған немесе асқан балалар спортшылар мен жаттықтырушыларының рұқсатына қарай ММА ережесі бойынша да, Nomad MMA ережесі бойынша да қатыса берсе болады.
Айта кетейік, 2018 жылдың желтоқсан айында "Қазақстанның ММА бірлескен федерацияларының қауымдастығы" ЗТБ атты жаңа құрылымы қалыптасты. Оған Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы, Аралас жекпе-жек, панкратион мен грэплинг ұлттық федерациясы және NOMAD MMA федерациясы кірді. Ұйымға Қазақстанның белгілі спорт насихаттаушысы Ғалымжан Есенов жетекшілік ететін болды. Бас директоры болып Валихан Тен тағайындалған еді.
Республикалық бірлескен федерацияның президенті - Кәрім Мәсімов. Жекпе-жек өнері ассоциациясының құрамына кіреді. Аталмыш ассоциация 4 бағытта жұмыс жасайды: каратэ, жекпе-жек, толық байланысқан спорт түрлері және аралас жекпе-жек ММА.
Жарты жыл ішінде жаңа жүйе өз жемісін беріп үлгерді. Қазақстан құрамасы Тайландта өткен Азия чемпионатында 7 алтын, 9 күміс, 5 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.