"Ақтөбе" футбол командасы отандық маман Самат Смақовтың клубтың бас директоры қызметінен кеткенін мәлімдеді.
Оның орнына Артур Смағұлов тағайындалды. Оған бұған дейін "Атырауда" істеген серб маман Горан Велькович көмектесетін болады. Клуб Самат Смақовпен сенімгерлікпен басқару туралы келісімшартты бұзды. Осылайша мемлекет қайтадан "Ақтөбе" клубының иесі атанды.
2018 жылдың қараша айында Самат Смақов "Ақтөбе" футбол командасн жеті жылға сенімгерлікпен басқаруға алған. Келісімшарт бойынша ол балалардан бастап ересеке футбол командаларының ел чемпионатына қатысуға кепілдік беріп, клубтың қарыздарынан құтылу қажет болған. Алайда "Ақтөбе" биыл Қазақстан Премьер-лигасында 12 команданың ішінде соңғы орын алып, Бірінші Лигаға түсіп қалды.
Айта кетейік, 41 жастағы маман футболшы мансабында соңғы рет Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубында ойнады. Ал спорттық мансабында Қазақстанда "Елімай" (Семей), "Қайрат" (Алматы), "Ертіс" (Павлодар), "Жеңіс" (Астана) және "Ақтөбе" клубтарында доп тепті. Ресейдің "Ростьселмаш", Түркияның "Ризеспор" командаларында да ойнады. Самат Смақов – Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ең көп ойынға қатысқан футболшы. 76 ойынға қатысып, 2 гол соққан.