"Ақтөбе" өз алаңында "Қайраттан" ойсырай ұтылды

Yernar Almabek Корреспондент
Yernar Almabek>
"Ақтөбе" өз алаңында "Қайраттан" ойсырай ұтылды

Футболдан ел біріншілігінің 17-тур ойындары аяқталды. Күннің орталық ойыны "Астана" мен "Ертіс" арасында болса да, ең қызықтысы Ақтөбеде өтті. Мұнда алматылық "Қайратты" қабылдаған жергілікті команда қонақтардан 6-2 есебімен ойсырай жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды.

БӨЛІСУ

Өткен турда өз алаңында "Ордабасымен" тең ойнап қалған "Қайрат" үшін бүгін жеңіске жету өте маңызды еді. Ақтөбедегі матч бастала сала Кахабер Цхададзе шәкірттері шабуылға кірісіп кетті. Нәтижесінде 4-минутта Лукаш Тесак есеп ашып, "Қайрат" алға шықты. Тез гол жібереміз деп ойламаған ақтөбеліктер қорғаныста жатып қалды. Олардың әбіржігенін сәтті пайдаланған алматылықтардың капитаны Бауыржан Исламхан 17-минутта тағы бір гол соғып, командасын алға жетеледі. Бірақ бұл нәтиже қонақтарға аздық етіп, арада тағы 8 минут өткеннен кейін Жерар Гоу есепті 3-0-ге жеткізді. Жанкүйерлер бірінші тайм осымен бітер деген ойда отырғанда 38-минутта Андрей Аршавин 4-ші голды соқты. Араға 7 минут қосып, 43-минутта қорғаушылардың қатесін жақсы пайдаланған ақтөбеліктер 1 гол соға алды. Бірінші тайм "Қайраттың" пайдасына 4-1 есебімен аяқталды.

Ойынның екінші бөлігі "Ақтөбенің" шабуылынан басталды. Нәтижесінде 65-минутта қонақтар өз айып алаңдарында ереже бұзып, қақпаларына пенальти алып келді. 11 метрлікті орындаған Дидар Жалмұқан мүлт кетпесе де алаң иелерінің қуанышы ұзаққа созылмады. 67-минут болғанда Жерар Гоу дубль авторы атанып, есепте еселесе, 77-минутта Исаэль Барбоза ойындағы соңғы нүктені қойды. "Қайрат" 6-2 есебімен жеңіске жетті.

Бұл жеңістің арқасында "Қайрат" кестедегі үшінші орнын сақтап қалды, әрі екінші орында тұрған "Ертіске" бір табан жақындай түсті. Айта кетерлігі, бүгін "Астанаға" қонаққа барған павлодарлықтар елордалықтармен 1-1 есебімен тең ойнап, 1 ұпай еншілеп қайтқан болатын. "Ақтөбе" болса, алтыншы орыннан сегізінші орынға сырғыды. Олардың орнын бүгін өз алаңында 1-0 есебімен "Таразды" жеңген атыраулықтар басты. Сонымен қатар, Талдықорғанға қонаққа барып, жергілікті командадан басым түскен "Тобыл" да жетінші орынға шығып, ақтөбеліктердің алдын орап кетті. Ал өз алаңында "Ақжайықты" 3-1 есебімен жеңген "Шахтер" кестедегі оныншы орнын сақтап қалды.