Еуропа лигасы соңғы іріктеу кезеңі аясында "Ақтөбе" мен киевтік "Динамо" клубтары арасындағы матчты Kazsport пен "Қазақстан" арналары тікелей эфирден көрсететін болды. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне KazSport телеарнасының директоры Диас Ахметшәріп айтып берді.
Кездесу 22-тамыз күні Ақтөбе қаласының орталық стадионында өтпек. Матч Астана уақытымен 19:00-де басталады. Тікелей эфир 18:45-тен бастап көрсетіледі. Ал стадионға кіру бағасы бір адамға 1000 теңгені құрап отыр.
Қос команда арасындағы жауапты ойынға келер болсақ, ол 29-тамыз күні Киев қаласында өтпек. Ал матчтың Қазақстанда көрсетілуі жөнінде әзірге нақты ақпарат жоқ.
"Біз қазір украиналықтармен келіссөз жүргізудеміз. Алдын-ала кейбір келісімге қол жеткізгенімізді айтқым келеді. Соған қарағанда жауапты матчты да көрсететін шығармыз",-дейді Ахметшәріп.
Естеріңізге салсақ, жауапты матч 29-тамыз күні Киевтегі "Олимпийский" стадионында өтетін болады. Бір айта кетерлік жайт, аталған ойын бірде-бір жанкүйерсіз өтетін болады. Мұндай шешімді өткен маусымда УЕФА тәртіп комитеті қабылдаған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: sport-xl.net