Футболдан Қазақстан кубогының финалында "Ақтөбе" мен "Атырау" кездесіп, "Ақтөбе" құрамасы кубок иегері атанды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесудің алғашқы кезеңінде "Атырау" құрамасы гол соқты. Беларусь легионері Николай Сигневич бірінші таймда баспен гол соғып, есепті ашты.
Ойын барысында екі құраманың ойыншылары біраз уақыт гол соға алмай, екінші таймның соңында төреші Данияр Сахи "Атырау" қақпасына күмәнді пенальти белгіледі. Оны қорғаушы Әлібек Қасым сәтті орындап, таразы басын теңестірді. Содан кейін бірден келесі шабуылға көшкен Фредди Гондола "Ақтөбенің" екінші голын соқты.
Осылайша, Игорь Леонов шәкірттері араға 16 жыл салып, Қазақстан кубогына ие болды. Айта кетейік, "Ақтөбе" құрамасы 2008 жылы дәл осы Алматыдағы стадионда кубок иегері атанған болатын.
Еске салайық, кубок иегері келесі маусымда Қазақстан намысын Еуропа лигасында қорғайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!