«Ақтөбе» футбол клубы Еуропа лигасының екінші кезеңіне өте алмады. Команда Венгрияның «МТК Будапешт» клубына қарсы өткізген қарымта ойынында 2:0 есебімен ұтылды.
Бір апта бұрын Ақтөбеде өткен ойында қос клуб 1:1 есебімен тең тарқасқан-ды. Алайда қарымта кездесуде мажарлық клубтың мысы басым болды. Ойындағы есеп 7 минутта ашылды. Дарко Никач қазақстандық клубтың қақпашысы Самат Отарбаевты сан соқтырып, командасын алға шығарды. Ал ойын аяқталар тұста Барнабаш Беше есепті еселеп, «МТК Будапешт» клубын сенімді түрде екінші кезеңге алып шықты.
Айта кетейік, қазақстандық клубтар арасында алматылық «Қайрат» қана екінші кезеңге өтті. Команда бұл кезеңде Израильдың «Маккаби Тель-Авив» клубымен ойнайтын болады. Ал «Ордабасы» (Шымкент) екі ойынның қорытындысы бойынша Сербияның «Чукарички» клубына жол берді.