"Ақтөбе" командасы Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде киевтік "Динамодан" қос кездесу нәтижесі бойынша жеңіліс тауып, жарыс жолын аяқтады.
Швейцариялық төреші Штефан Штудердің ысқырығы шалынысымен алаң иелері кездесуді өз қолына ала бастады. Жанкүйерсіз өтіп жатқан кездесу көрігі бірден қыза қоймағандай. Жаңбырлы ауа-райы да кездесуге кедергі келтірмей жатыр деуге болмайды. 7 минутта 7-ші нөмірлі футболшы Джермейн Ленс есеп ашты. Барлығы да қорғаушылардың қателігінен орын алды.
15 минутта Ярмоленко аса қауіпті соққы бағыттады. Бағымызға орай доп қақпа бағанасынан биік кетті. 25 минутта Петр Бадлоны бір қарағанда алаң иелерінің қорғаушылары шалғандай болған. Алайда төреші қырағылық танытып пенальти белгілемеді. Шын мәнінде бұл сәтте айып добын бұйырардай ойын ережесі бұзылмаған екен. 30 минутта Безус екінші допты «Ақтөбе» қақпасында тулатты. Барлығы да позициялық қателікке байланысты орын алды. 36 минутта Мбоканидың баспен бағыттаған соққысы қақпа төрінен табылды. 37 минутта «Динамо» қорғаушылары Александр Гейнрихты шалып тоқтатты. 11 метрлік айып добын өзбек легионері сәтті орындады.
Екінші тайм басталысымен «Ақтөбе» аздап басымдықпен ойынды бастағандай болған. Алайда алаңға жаңадан шыққан Идейе 50 минутта пенальтиді сәтті орындап есепті 4:1-ге жеткізді. 72 минутта Олег Гусев еншісіне кездесудегі бесінші голды жазды. Кездесу соңында "Ақтөбе" қорғаушыларының қателігі кездесудегі алтыншы допты өз қақпасына жіберіп алуға шақ қалды. Сонымен қос кездесу нәтижесі бойынша Олег Блохин шәкірттері "Ақтөбеден" 8:3 есебімен басым түсті.
Ертең Еуропа лигасының жеребе тастау рәсімі өтеді. УЕФА шешімімен жарыс жолынан шеттетілген Түркияның "Фенербахче" командасының орнына жарысқа қатысатын команда белгілі болады. Бәлкім "Ақтөбе" иеленіп қалар...Үміт күтейік...
"Ақтөбе" қақпасына Джермейн Ленстың соққан голы
Роман Безус соққан екінші гол
Идейе соққан пенальти
Олег Гусевтың соққан голы
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай