Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында өтетін исландиялық «Брейдаблик» пен қазақстандық «Ақтөбе» командаларының өзара кездесуінің трансляциясы болмай қалуы әбден мүмкін. Бұл жөнінде Kazsport телеарнасының бас продюсері Павел Цыбулин Vesti.kz тілшісіне айтып берді.
«Жағдай мынадай: исландиялықтар бұл ойынды түсірмейді, сондықтан Қазақстанға сигнал бере алмайды, - дейді Цыбулин, - біз осы мәселенің шешімін табуға тырысып жатырмыз, ойынды түсіруге әріптестерімізді сұрағымыз да келеді. Бірақ ол қомақты соманы қажет етеді, сол себепті аталған матчтың трансляциясынан бас тартатын шығармыз».
Осы еуромаусымда отандық телеарналар қазақстандық клубтардың өткізген кездесулерінің көрсетілімін ұйымдастыру бойынша біршама мәселеге тап болды. Бірнеше апта бұрын «Ел Арна» арнасы Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңі аясындағы босниялық «Широки Бриег» пен павлодарлық «Ертіс» арасындағы матчтың көрсетілімі жайлы жариялаған болатын, бірақ соңғы сәтте босниялық жақ шарттарды өзгерте бастады және соның салдарынан матч көрсетілмеді.
Естеріңізге сала кетсек, Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуінде «Ақтөбе» өз алаңында 1:0 есебімен «Брейдаликті» жеңген болатын. Қарымта ойын 8 тамыз күні Исландияда өтетін болады.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: fc-anji.ru