Ақтау қаласында ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, бүгін басталған жарыста 105 қыз, 168 жігіт бақ сынайды.
Ақтаудағы додаға ел құрамасының бірінші нөмірлі спортшылары түгел келген. Балуандар бәсекесін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев бастаған мамандар бақылауда.
Жарыс санитарлық талаптарға сай, көрермендерсіз өтуде.
Ел чемпионатында алғашқы болып әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.
Нұр-Сұлтан қаласының өкілі Ақмарал Науатбек финалда алматылық Ғалия Тынбаеваны ұтып, чемпион атанды.
Атыраулық Абиба Абужақынова мен қарағандылық Маргарита Бажаева қола жүлдеге ие болды.
Ел чемпионаты 21 желтоқсанда мәреге жетеді. Әр салмақтың жеңімпаз-жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы беріледі.
Чемпионға 150 мың, екінші орын иегеріне 100 мың, қола жүлдегерге 50 мың теңге табыс етіледі.