Кеше 14 қыркүйек күні Ақтау қаласында «Aktau open» фестивалі басталды. Шара стритбол, воркаут, паркур және брейк-данс көше спорт түрлері саласының майталмандарын бір шаңырақтың астына біріктіру мақсатында ұйымдастырылған.
Ақтау қаласы әкімшілігінің алдында өткен фестке 3 мыңға жуық көрермен жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль еліміздгі көше спорт түрлерінің қаншалықты дамығандығы туралы хабар беретін болады. Айта кетелік, алаңда сонымен қатар ТМД елдеріне кеңінен танымал хип-хоп орындаушылары да қатысты.
Журналистерге сұхбат берген шара ұйымдастырушысы, Маңғыстау облысы баскетбол федерациясының директоры Самсон Аракелян: “Урбан деген түсінік бар. Бұл қала деген мағынаны білдіреді. Ал қаланың өз ережелері бар. Қала ішінде спортпен айналысу үшін қолда бар кез келген нәрсе пайдаланыла береді. Осылайша көше баскетбол, паркур, брейк-данс, воркаут секілді көптеген спорт түрлері пайда болды. Біз бұларды біріктіріп, қала тұрғындарына қызықты етіп ұсынуға тырыстық ”, - деді.
Айта кетелік, фестиваль аясында стритболдан республика чемпионаты өтті. Самсон Аракелянның айтуынша, бұл спорт түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіргізу жоспарлануда. Осы себепті ұйымдастырушы Ақтау қаласының алғаш болып бұл спорт түрінен чемпионат өткізуін жақсылыққа балайтынын жеткізді.
Ақтауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшы жастар жиналды. Атап айтсақ, Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Рудный, Атырау қаларынан келген спортшылар бақтарын сынады.
Әр спорт түрінен бірінші орын алған команда 150 мың теңгеге, екінші орынға тұрақтағандар 100 мың теңгеге, үшінші орын алғандар 50 мың теңгеге ие болды. Ұйымдастырушылар фестивалді жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырғандықтарын айтты.
14 қыркүйек күні 19:00-ден бастап қонақтар қала тұрғындарының алдында өнер көрсетті. Олардың ішінде Астанадан келген «Bar Bars» воркаутшылар командасы да бар. Ал 20:00-де басталған концерттік бағдарламада қазақстандық өнерпаздар, соның ішінде әнші Son Paskal да бар. Айта кетелік, кешке Мәскеулік рэпер L'One да қонақ болды. Ал кеше, яғни, 15 қыркүйек күні, паркур мен воркауттан Қазақстан чемпионаты мен фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұдан соң әлемдік хип-хоп әртістері қатысқан гала-концерт берілді.
Оқиға орнынан: Еркебұлан Қайрахан
Cурет: ©Еркебұлан Қайрахан, «Aktau open» ұйымдастырушылар алқасы, lada.kz