Универсиадаға бөлінген қаржыны оңды-солды шашпай, доданы қарапайым ғана өткізу керек. Бұл жағынан біз еуропалықтардан үлгі алуымыз қажет. Бүгін Алматы қаласының әкімі Универсиаданың басталуына бір жыл қалуына орай өткізілген жиында осылай деді.
Ол Елбасының мемлекет қаржысын үнемдеу керек туралы үндеуіне құлақ асу керектігін алға тартты. «Біз Универсиадаға керек жағдайдың бәрін жасаймыз, алайда тек іс-шараларды дүркіретіп өткізуден бас тартамыз», –деді. Сондай-ақ Б. Байбек, қала әкімдігі қаржыны үнемдеу үшін кейбір құралдарды сатып алудан бас тартып, уақытша жалға алуды шешкендерін айтты. Айта кету керек, жақында Универсиаданың бюджеті 32 млрд теңгеден 17 млрд теңгеге дейін екі есеге жуық қысқарған еді.
Естеріңізге салайық, Алматыдағы Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Қысқы Универсиада ойындарына 55 елден 2000-ға жуық спортшылар қатысады. Және аталған спорттық доданы тамашалау үшін, 30 мыңға жуық туристер мен шетелдік қонақтар келеді деп күтілуде.
Универсиаданың баспасөз қызметі