ХХІV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті. Бейжіңдегі "Құс ұясы" стадионында ресми арнаулы шаралар және спортшылар шеруі ұйымдастырылып, жарыстың басты алауы тұтанды.
Ашылу салтанатына арнайы шоу бағдарламалар ұйымдастырылып, қытай жұрты әлемді тағы бір таңдандырды. Ал спортшылар шеруіне 91 елдің делегациясы қатысып, алаңнан жүріп өтті.
Ұлттық құрама сапында қазақ елінің Туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев пен конькиші Екатерина Айдова көтеріп шықты. Абзал қазақ батырының үлгісінде киініп шықса, Екатерина Томирис патшайым кейпінде ел алдына шықты. Команданың ту ұстаушылары киетін киімге негізінен қазақтың ұлттық ою-өрнегі қошқар мүйіз бейнеленген.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен қатар Аргентина, Мысыр, Қырғызстан, Польша, Ресей, Сингапур, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Эквадор президенттері, Қатар Әмірі, Босния және Герцеговина, Грекия, Моңғолия және Пәкістан премьер-министрлері, Камбоджа Королі, Сауд Арабиясының тақ мұрагері, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Монаконың ханзадасы, Люксембургтың Ұлы герцогы, Таиландтың ханшайымы, БҰҰ Бас хатшысы, Халықаралық олимпиада комитетінің Президенті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры, Шанхай ынтымақтық ұйымының Бас хатшысы және басқа да бірқатар шетелдік ресми тұлға қатысты.
Бейжіңдегі Олимпиада ойындары 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстаннан барған 34 атлет 8 спорт түрінен бақ сынайды.