
Ағайынды боксшылар Махмұд пен Төрехан Сабырхандар кәсіпқой бокста алғашқы жекпе-жектерін ресми түрде өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ағайындылардың алғашқы кәсіпқой жекпе-жегі 5 сәуірде Астанадағы "Барыс Арена" стадионында өтеді. Олар бокс кешінде өнер көрсетеді, бұл кештің басты оқиғасы WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі болмақ.
Айта кетейік, Махмұд пен Төрехан бұған дейін тек әуесқой бокста өнер көрсетіп, белгілі бір жетістіктерге жеткен. Сабырхандардың үлкені 2023 жылғы әлем чемпионы және 2024 жылғы Азия чемпионы атанған. Сонымен қатар, аталған жарыстардың күміс жүлдесін қанжығаларына байлаған.
Ағайындылардың кішісі Төрехан 18 жасында-ақ төрт рет жасөспірімдер және жастар арасында Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ ол 2024 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды.
Ересектер арасында Төрехан 2025 жылы "Кіші әлем чемпионаты" аталып кеткен Странджа кубогында алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, ол осы турнирде "Үздік боксшы" атағына ие болған алғашқы қазақстандық спортшы атанды.
Еске сала кетейік, Астанада өтетін турнирдің басты жекпе-жегі қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен француз Анауэль Нгамиссенге арасындағы кездесу болмақ. Франциялық боксшы WBO және IBF титулдары үшін таласады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз